«Қайтарымсыз несие шығарып беремін»: Түркістан облысында алаяқ ұсталды
Түркістан облысында қайтарымсыз несие шығарып беремін деген алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, одан танысы 2021 жылдың ақпан айында алдап, ақшасын алған. Яғни, банктердің бірінен ірі көлемде қайтарымсыз несие шығарып беремін деп әбден сендірген. Содан осы жұмысы үшін 200 мың теңгеге жуық ақша алған. Бірақ сенген танысы жәбірленуші әйелге берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған жайт Сайрам АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркелді.
Полицейлер қазіргі таңда қоғамда көптеп орын алып жатқан қылмыстың бірі – алаяқтық екенін ескере отырып, бірден іске кірісті. Осы жайтқа байланысты күдіктіні ұстап, алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында қырағы қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Өзгенің ақшасын оңай жолмен иеленіп, сан соқтырған ер адамды ұстау шаралары жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол бұрын несие рәсімдеу бойынша жұмыс жасаған, жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған алаяқ ер адам, алдау жолымен алған ақшаны өзінің несиесін жауып жіберуге жаратқанын толығымен мойындады. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы – қолхатта.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.