Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық полицейлер подъездің жанында қоқыс төккен тұрғынды анықтады

Павлодарлық полицейлер подъездің жанында қоқыс төккен тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның халықпен одан да тиімді өзара іс-қимылы, мәселелерді жедел шешу, сондай-ақ жедел жағдайды бақылау мақсатында 2019 жылдан бастап WhatsApp тобы құрылды, оның құрамына Павлодар қаласының аумақтық полиция бөлімдерінің жергілікті полиция қызметінің бастықтары, учаскелік инспекторлар және ПИК өкілдері кіреді.

Күн сайын чатқа ұсақ бұзақылық жасау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, аумақты абаттандыру ережелерін бұзу, тыныштықты бұзу, белгіленбеген орындарда темекі шегу, иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін бұзу және тағы басқа құқық бұзушылықтар туралы түрлі ақпарат түседі.

– Бұл байланыс әдісі айтарлықтай нәтиже береді. Полицейлердің ПИК-пен тығыз өзара іс-қимылының көмегімен жыл басынан бері 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев.

Мысалы, біраз уақыт бұрын ПИК өкілі учаскелік инспекторға Бакинская көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны өзінің подъезінің жанында құрылыс қоқыстарын жинап қойғаны туралы чатта хабарлады. Осы хабарламаны тексергеннен кейін учаскелік инспектор тәртіп бұзушыны анықтап, оған қатысты абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Сондай-ақ ПИК қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларына үйлерді аралау кезінде жәрдемдесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған буклеттерді, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторының визиткаларын таратуға көмектеседі. Бұдан басқа, учаскелік полиция инспекторлары күн сайын чаттарда тұрғын үй мен мүлікті ұрлықтан, алаяқтық әрекеттерден және т.б. қалай қорғау керектігі туралы профилактикалық сипаттағы ақпаратты орналастырады.

– Мысалы, 11 маусымда ПИК төрағасы полицейлерге Қайырбаев көшесіндегі үйдің қабырғасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде есірткі сатушылардың байланыс деректері көрсетілген граффити қалдырылғанын хабарлады. Осыдан кейін полиция қызметкерлері бұл жазбаларды бояп тастады, – деп атап өтті Арман Қаптаев.

Айта кетейік, бұл чатта мәтіндік хабарламалардан басқа ПИК өкілдері суреттер, бейне және аудиожазбалар жібере алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру