Түркістан облысында 722 жол қозғалысы ережесін бұзушы анықталды
Түркістан облысында 722 жол қозғалысы ережесін бұзушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында ағымдағы жылдың 17 мамыры мен 16 маусымы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру болып табылады.
Осы тұста Отырар АПБ-ның полицейлері «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында жалпы 722 жол ережесін бұзушылықты анықтап, мас күйінде көлік құралын басқарған үш жүргізушіні ұстады. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 51 жүргізуші, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін бір жүргізуші, техникалық байқаудан өтпегені үшін – 13 және техника құралын басқарған кезде телефон немесе радиостанция пайдаланғаны үшін 18 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оған қоса тәртіп сақшылары жолаушыларды заңсыз тасымалдаған екі жүргізушіні ұстады және жол қозғалысы ережесін бұзған 216 жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Ал 26 көлік айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ Созақ АПБ-ның полицейлері осы уақытқа дейін жалпы 542 жол саласы бойынша әртүрлі санаттағы әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарды анықтады. Оның ішінде жаяу жүргіншілерге жол бермеудің тоғыз дәйегі, автокөлікті басқару барысында техникалық және өмірінің қауіпсіздік шараларын сақтамаудың – 55 жайты, автокөлікті мас халде басқару бойынша үш дерек, жаяу жүргіншілер жолда жүру қағидаларын сақтамай, жолдың кез келген тұсынан өтуінің 95 дәйегі тіркелсе, техникалық байқаудан және міндетті сақтандырудан өтпеген 18 шетел автокөліктері айыптұраққа қойылды.