Полицейлер павлодарлықтан 17 дана бекіре балығын тәркіледі
Павлодар тұрғынынан 17 дана бекіре балығы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында полицейлер 60 жастағы қала тұрғыны басқарған Kia Sportage автокөлігінен заңсыз ауланған 17 бекіре балығын тапты.
– Н. Назарбаев даңғылы мен Ладожская көшесінің қиылысында Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының инспекторлары 60 жастағы қала тұрғыны басқарған Kia Sportage автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде багаж бөлігінде 17 дана бекіре балығы табылды және алынды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сараптама тағайындалып, шығын анықталуда, – деді батальон командирі Ренат Шәріпов.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының аумағында бекіре тұқымдас балықтарды аулауға жыл бойы тыйым салынған. Бұл шешім сирек кездесетін балық түрлерін сақтауға және көбейтуге бағытталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бекіре тұқымдас балықтарды аулаған үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жыл басынан бастап Павлодар облысында полицейлер экологиялық заңнамасын бұзған 433 құқықбұзушыны анықтады. Полицейлер заңнаманың белгіленген талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді.