Жол ережесін бұзған түркістандық жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан полицейлері көлігін мемлекеттік нөмірсіз басқарып, қарсы бағытқа шыққан жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Instagram қолданушыларының бірінің парақшасынан жүргізушінің жол ережесін өрескел бұзғаны бойынша бейнежазбаны анықтады. Яғни Түркістан қаласы С.Қожанов пен Тәуке хан көшелері бойында Chevrolet Cobalt автокөлік, маневр жасау қағидаларын бұзып, қарсы бағытқа шыққан, онымен қоймай мемлекеттік нөмірсіз жүрген.Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды ұстау және жауапкершілікке тарту мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Соның нәтижесінде аталған көлік иесін тез арада анықтады. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты. Тәртіп сақшылары жүргізушіні тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартты. Яғни автокөлік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің үш бабы: 596-бабы 5-бөлігімен (Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), 590-баптың 2-бөлігімен (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) және 595-баптың 1-бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды. Өз кезегінде жас жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол жүру ережелерін қатаң сақтау және жолда абай болу қажеттігін ескертеді. Жылдамдықты асырмау, қарсы қозғалыс жолағына шықпау, маневр жасау ережелерін бұзбау, ең бастысы мас күйде рульге отырмау қажет. Сондай-ақ жеке автокөліктерде жарқылдауық шамдармен, жедел және арнайы қызметтердің дыбыстық сигналдарын қолдануға болмайды.