Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ата жолын жалғаған түркістандық Базарқұловтар отбасы

Түркістандық бір әулеттің 17 мүшесі құқық қорғау саласын таңдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атадан қалған жолды жаңылмай жалғастырып келе жатқан Түркістан облысында өнегелі әулет бар. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР ІІМ Құрметті ардагері, «Қызыл Жұлдыз» бен «Отан» ордендерінің иегері Сапақ Базарқұловтың ұрпағы.

Бүгінде Базарқұловтардың 17 буыны ата жолын жалғап, әке ізін қуып келеді. Сапақ атадан өрбіген екі қыз бен үш ұл болса, бір қыз бен ұлдардың ұрпақтары Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Полиция саласында қызметте. Аға буыны ішкі істер органдарының зейнеткері болса, жас буын өкілдері бүгінде қоғамдық қауіпсіздік жолында қалтқысыз қызмет етуде. Ал енді бірі ішкі істер органдарының оқу орындарында оқуларын жалғастырып, болашақта полицей болмақ.

Түсінікті болу үшін, нақтырақ тоқталайық. Сапақ ата әскерге барған уақытында соғыс басталып, бірден қолына қару ұстаған сарбаз атанады. Ержүрек жігіт жаумен күресіп, 1945 жылы аман-есен елге оралады. Жастайынан еңбекпен есейген Сапақ ата, соғыстан кейін де қоғамдық жұмысқа белсене араласып, Келес атқару комитетіне жұмыс жасауға шақырылады. Онда іскерлігімен көзге түсіп, арнайы жолдамамен Келес аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалады. Осылайша адал қызметін атқарып, 30 жылға жуық уақыт бойы қызмет жасаған соң 1973 жылы зейнеткерлікке шығады. Өмір бойы ел дамуы жолында еткен ерен еңбектері ескеріліп, мемлекеттік марапаттармен мадақталады. Ол әрқашанда аудан тұрғындарына үлгілі және кез келген ақыл сұраған адамға дұрыс жолды көрсетіп, өмірлік қажетті бағыт-бағдар беруші ретінде ел жадында жатталған.

Осылайша Сапақ ата 2015 жылы 95 жасында өмірден өтті. Ол өзінің артынан ізін жалғаушы екі қыз бен үш ұлын қалдырды. Олар ата аманатына қиянат жасамай, оны құрметпен жалғап, бүгінгі таңда әулеттің атына кір келтірмей келеді.

Мәселен Сапақ атаның үлкен ұлы Мырзағали Базарқұлов ішкі істер органында күзет қызметінде еңбек етіп, полиция подполковнигі шенімен зейнетке шыққан. Одан өрбіген үш батырдың екеуі ішкі істер органдарында тәуліктеп қызметте. Яғни ұлдары полиция майоры Нұрмахан Базарқұлов пен полиция аға лейтенанты Жанмұқан Базарқұлов.

Одан кейін Сапақ атаның екінші ұлы Әбдіғали Базарқұлов. Одан да бір қыз бен төрт ұл тараса, оның үлкен ұлы полиция подполковнигі Ерғали Базарқұлов Келес аудандық полиция бөлімінде жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы лауазымында. Ал оның бауырлас інісі Ерболат Базарқұлов Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді.

Нұрғали Базарқұловтан алты перзент тарады. Үш ұл мен үш қыз. Оның ішінде тәуелсіздікпен түйдей құрдас Бөгенбай Базарқұлов бүгінгі күні Келес аудандық полиция бөлімінде анықтау бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды. Ал қарындасы полиция капитаны Аякөз Нұр-Сұлтан қаласында Транспорт департаментінде аға инспектор.

Осылайша Сапақ атадан жалғасқан үш бірдей ұлдың балалары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, екі қызының ішінде бірінің, яғни Бибіжамал Сапаққызының ұлдары да нағашы атасының ізін жалғаған.

Мәселен Сапақ атаның қыздан тараған екі немересі Қуат Мейірбеков ішкі істер қатарында қызмет етіп, полиция подполковнигі шенімен зейнетке шықса, екінші немересі Асхат Мейірбеков Түркістан облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонында полицей. Ол бүгінде уақытпен санаспай жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Атаның ұрпағы осылай жалғаса береді. Немерелері бірінен кейін бірі темірдей тәртіпті таңдап, кішісі үлкеніне қарай бой түзеп, шенділер қатарына қосылуда.

Сапақ атаның екінші ұлы Нұрғали Базарқұлов бүгінгі таңда жан-жағына сыйлы, асқақ абыройлы кісі. Ол 30 жылға жуық уақыт бойы қалтқысыз қызмет етіп, Келес АПБ бастығының орынбасары лауазымында да жұмыс істеді. Қаншама шәкірттерге тәрбие ісі жөнінен бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп, олардың алғысына бөленді.

– Бүгінде шәкірттерім республика көлемінде жоғары орындардан көрініп, елге адал қызмет атқарып жүр. Шалғайда болсам да шәкірттерімнің жетістікке жеткенін естіп, қуанып жүремін, – дейді Нұрғали аға.

Сапақ атадан өрбіп, ел үшін қауіпті қызметті таңдаған Базарқұловтар әулеті міне осындай. Олар болашақта да осы жолды жалғауды мақсат тұтқан. Аманатқа қиянат жасамай, ата жолын жалғап, әке ізін қуып келе жатқан әулеттің полицейлеріне қашан да елге адал қызмет ете беріңіздер дейміз!

Барша ішкі істер саласының қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілейміз! Бұдан да биік белестерді бағындырып, қылмыстық істердің азаюына үлес қосып жүре беріңіздер!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру