Мерекеге орай БҚО ПД қызметкерлері сапқа тұрғызылды
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты іс-шараға БҚО ПД қызметкерлері сапқа тұрғызылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған мемориалдық кешенінде гүл шоқтарын қою және арнаулы атақтарын табыстау рәсімі өткізілді.
Іс-шараға Департамент басшылығы және БҚО ІІО және ҰҰ Ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып, мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.
– Полицияда қызмет ету – маңызды әрі жауапкершілігі мол іс. Сондықтан да
бұл кәсіби қызмет – зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел бууымен ерекше құнды.
Биыл біз Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 29 жылдығын атап өтудеміз.
Өкінішке орай, егемендігімізді алған уақыттан бері Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде қызметтік міндетін орындау кезінде 32 қызметкер қаза тапқан екен. Бұл әріптестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Тәуелсіздік алған уақыт ішінде қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістермен қатар Ішкі істер министрлігінің жүйесі де дамып, біраз жетілді.
Біз қылмысқа жол бермеу үшін қолымыздан келетін барлық шараларды қабылдауымыз керек, біздің міндетіміз – жазалау емес, алдын алу екенін ұмытпайық.
Бүгінгі полиция алға қойған мақсат-міндеттерді орындауға әрқашан дайын. Олардың өз міндеттерін абыроймен атқара алатынына сенімдімін.
Осы кәсіби мерекемен барлық ардагерлерді және тәртіп сақшыларын шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметіңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс-несібеге толсын! -деді Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысы ішкі істер органдары және Ұлттық ұланы ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкідегі милиция полковнигі Жайлыбай Адаев мерекемен құттықтап, қызметкерлерге әрдайым антқа адал болуды, тәртіп сақшысы деген атқа лайық болуларын тіледі.