Алматыда сериялық интернет-алаяқ сотталды
Алматыда сериялық интернет-алаяқ сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бірқатар алаяқтық жасады деген күдікке ілінген 29 жастағы М.есімді ер адамға қатысты қылмыстық істі аяқтады.
– Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің OLX.kz сайтының қолданушыларына қатысты 78 алдау фактісіне қатысы бар екендігі анықталды. Фишинг әдісін қолдана отырып, OLX.kz сайтына ұқсас сенімсіз сілтемелерді жіберіп, күдікті жәбірленушілерге, егерде берілген сілтемелер бойынша өздерінің банктік мәліметтерін толтырған жағдайда, тауарлар үшін төлем ала аласындар деп сендірді. Кейіннен, қаскөйдің айтуынша, тауарларды курьерлер алып кетуі керек. Алайда жәбірленушілердің карталарының деректерін алған М.есімді ер адам, «Wooppay.kz» төлем жүйесі арқылы олардың қаражаттарын өзінің банктік карталарына аударған. Жалпы осы алаяқтықтың салдарынан азаматтарға екі миллион 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Спикердің айтуынша, тергеу аяқталды. Процесске қатысушылар оның материалдарымен таныса бастады.