Целиноград ауданында полицейлер алаяқтық жасаған күдіктілерді анықтады
Целиноград ауданында полицейлер алаяқтық жасаған күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 29 маусымында Қоянды ауылының кенттік полиция бөліміне Целиноград ауданының демалыс базасының директорынан ЖШС қызметкерлерінің ақша қаражатын жымқырғаны туралы өтініш келіп түсті. Арызданушы келтірілген шығын сомасын 300 000 теңге көлемінде бағалады.
Қылмысты ашу үшін полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары кешені өткізілді. Майор Жандос Ақылов пен учаскелік инспектор Пулат Әбілов барлық мән-жайларды, сондай-ақ жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптарын зерделеп, белгісіз адамдар кассадан тыс, алдау жолымен бассейнге кіруге арналған білезіктерді сататынын анықтады.
Кәсіби ұйымдастырылған жедел іс-шаралар өз жемісін берді, қаскүнемдер келушілерді бұрын қолданылған білезіктерді тапсыруға мәжбүр еткені және оларды қайта сатқаны белгілі болды. Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, әшкереледі.
Күдіктілердің алтауы Нұр-Сұлтан қаласының 22 жастан 37 жасқа дейінгі тұрғындары. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс басталды. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды.