ШҚО-дағы колонияда жазасын өтеп жатқан әйелге рақымшылық жасалды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұбайын өлтіргені үшін сотталған екібастұздық Лариса Антонюкке рақымшылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Президент Лариса Антонюктің рақымшылық жасау туралы өтінішіне қол қойды, енді әйел мерзімінен бұрын босатылады.
Лариса Антонюк 2011 жылы жұбайын өлтіргені үшін сотталған. Оны Түркіменстан соты 21 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Тағы 10 жылы қалған. Бұған дейін бірнеше рет жазасын жұмсартуға өтініш жазған, бірақ теріс жауап ала беретін.
Лариса ол жігітпен Қазақстанда танысқан, кейін біраз уақыттан соң қарым-қатынасын заңдастырған. Үйленгеннен кейін жастар жігіттің туған жеріне – Түрікменстанға көшіп барады. Сотталушының айтуынша, күйеуінің ата-анасы оны бірден қабылдамаған. Кейін ол жұбайының есірткіге тәуелді екенін білген. Ер адам қаржылық қиындықтарға тап болып, отбасы мүшелеріне қол көтере бастаған, есірткі алу үшін ақша талап еткен.
Лариса жұмыста жүргенде балалардың өмірі үшін үнемі қорқып отыратынын айтқан. Алайда бір күні кезекті жанжал кезінде ол өзін қорғаймын деп күйеуін өлтіріп алады. Лариса жергілікті колонияға қамалып, төрт баласы балалар үйіне жіберіледі.
Кейін ол Қазақстанға қайтарылады, онда ол Өскеменнен 200 шақырым жердегі әйелдер колониясында жазасын өтейді. Ларисаның әпкесі балаларды балалар үйінен алып кетіп, қамқорлығына алды.
2020 жылдың мамырында қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері оған балаларымен видеоқоңырау арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді, ол сол кезде 10 жылда алғаш рет балаларын көрді. Сотталған кезде баласы екі жаста еді. Оған қамқорлықты үлкен қызы алды, қазір ол күйеуімен кішкентайларға қарайды, бәрі бір шаңырақ астында тұрады.
– Мекеме қызметкерлері қажетті материалдарды уақытылы жинап, жіберді. Қазақстан Президенті Лариса Антонюкке рақымшылық жасады. Сотталушының мерзімі 21 жылдан 16 жылға қысқартылды. Ол тиісті құжатпен танысты. Рақымшылыққа байланысты оның ресми мерзімі 2021 жылдың шілдесінің соңында аяқталады. Лариса жазасын өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Тігін цехында жұмыс істейді. Барлық мәдени іс-шараларға белсенді қатысады, – деп хабарлады ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Жанболат Қалетаев.