Түркістандық полицейлер мас халде көлік басқарған үш жүргізушіні анықтады
Түркістандық полицейлер мас халде көлік басқарған үш жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түрлі іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде. Мәселен, тәртіп сақшылары рейдтік қызмет атқару кезінде, Мақтаарал ауданы Атакент кентінің көшелерінің бірінде қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан көлікті тоқтатады.
Содан жүргізушінің құжатын тексеру барысында, оның көзі қызарып, сұрақтарға дұрыстап жауап бермейді. Осыдан кейін полиция қызметкерлері көлік иесінің есірткілік мас халде екеніне күмәнданып, медициналық куәландырудан өткізіледі. Нәтижесінде тұрғын мас халде көлік тізгіндеген болып шықты.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары осындай кезекті шара барысында белгіленбеген аймаққа тоқтаған келесі бір автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның спирттік ішімдік ішіп алуы мүмкін екені күмән тудырады. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес оның масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Сонымен қатар жарық шамын жақпастан жол жүріп келе жатқан автокөлік иесінің де мас халде көлік басқарғаны анықталды.
Полицейлер аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеді. Көліктер айыптұраққа қойылды.