Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жарты жылдың ішінде 4 есірткі зертханасын жойды

СҚО полицейлері жарты жылдың ішінде төрт есірткі зертханасын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер жарты жылдың қорытындысы бойынша облыстағы есірткімен байланысты ахуалды айтып берді. Бүгінгі таңда СҚО-да есепте 573 нашақор тұр, оның ішінде 40 әйел мен 1 кәмелетке толмаған бар. 6 ай ішінде дәрігерлер есірткі дозасын асыра пайдалану фактілері бойынша 22 шақыртуға барған. Үш жағдайда есірткі пайдаланғандарды аман алып қалу мүмкін болмаған, қайтыс болғандардың бірі – әйел адам.

Синтетикалық есірткілерді тарату мәселесі аса өзекті. Аталған есірткінің пайда болуы «қара нарықтың» құрылымын айтарлықтай өзгертті: есірткіні кез-келген аумақта, яғни құрамында есірткі бар өсімдіктерден алшақ жерлерде жасап шығару мүмкін болды.

– Жыл басынан республикада 10 есірткі зертханасы жойылды, оның 4-уі Солтүстік Қазақстанда, – дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев. – Үш жағдайда күдіктілер мефедронды және «тұзды» жасаған. Бұл ретте екі зертхананы қылмыстық топтар ұйымдастырған, олардың біреуі есірткі жасау жолын бастан-аяғына дейін игерген: концентратты жасаудан бастап, дайын «өнімді» сатуға дейін барған.

Жыл басынан облыста есірткі сатудың 29 фактісі, сақтаудың – 65, ажал құштырар есірткінің контрабандасы – 5 факті тіркелген. Бұдан бөлек, рөлге есірткілік масаю күйінде отырған 21 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 125 кг есірткі заты тәркіленді, оның 4 кг астамы синтетикалық есірткі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру