10 күннің ішінде полицейлер СҚО жолдарында 53 мас жүргізушіні ұстады
10 күннің ішінде полицейлер СҚО жолдарында 53 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 шілде күні таңертең Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Н. Назарбаев көшесінде 23 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Audi автокөлігін тоқтатты. Жігіттен алкоголь иісі сезілген, медициналық куәландыру оның орта деңгейдегі масаң күйде болғанын көрсетті. Сол күні сот шешімімен бұзушыға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, ол алдағы 7 жылда көлік басқара алмайтын болды. Полицейлер соңғы 10 күннің ішінде облыс жолдарында 53 мас жүргізушінің ұсталғаны туралы атап өтті.
– Шілденің 2-сі мен 11-і аралығында өткізілген облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендету, – деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Жыл басынан облыста 80 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 12 адам қаза тауып, 99-ы жарақат алды. 11 жол-көлік оқиғасы мас жүргізушілермен жасалған, олардың кесірінен 2 адам көз жұмып, 15 адам жарақаттанды. Жол-көлік жарақатының алдын алу – патрульдік полицияның профилактикалық іс-шаралар барысында атқаратын маңызды міндеттерінің бірі.
Жедел-профилактикалық іс-шарасының 10 күнінде жол қозғалысының 4,5 мыңнан астам түрлі бұзушылығы анықталды. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтардың арасында маневр жасау ережелерінің 131 бұзушылығы, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетудің 72 фактісі және дәл соншама апаттық жағдайды жасау фактісі, сондай-ақ жылдамдықты асырудың 389 фактісі де бар.