4 күнде СҚО жолдарында 24 мас жүргізуші ұсталды
Төрт күнде СҚО жолдарында 24 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әр жаяу жүргінші «жолақтан» немесе бағдаршамнан өткен кезде, жүріп бара жатқан жүргізушілердің бірі масаң күйде болуы мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. «Мас жүргізуші» облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен соңғы төрт күннің ішінде 24 мас жүргізуші ұсталды. Олардың бәрі басқа жол қозғалысының қатысушыларына нақты қауіп төндірді деуге болады. Honda автокөлігінің жүргізушісі Караванная көшесінде ұсталды. Ер адам қалаға кіріп келе жатқан. Медициналық куәландыру оның масаң күйде екендігін көрсетті, ол көлікті орта дәржедегі алкогольдік масаң күйде басқарған. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Осы баптың санкциясына сәйкес құқық бұзушы жеті жылға көліктің рөліне отыруды ұмытуына тура келеді.
Осыған ұқсас факті Зайсан ауданындағы Свободная көшесінде де анықталды. Тексеру үшін Toyota RAV4 көлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Мән-жайды анықтау барысында 45 жастағы қала тұрғыны есірткілік масаң күйде рөльге отырғаны белгілі болды. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылды, ол жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылмақ. СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы шілденің 15-сі мен 31-і аралығында өткізіледі. Мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу. Төрт күннің ішінде жол қозғалысы ережелерінің 1995 түрлі бұзушылығы анықталды. Қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және рөлде телефонды пайдаланудың бірнеше жүз фактісінен бөлек, жылдамдықты бұзудың – 171 фактісі, маневр жасаудың – 65, сондай-ақ бұрын басқару құқығынан айырылған тұлғалармен көлік басқарудың – 56 фактісі анықталды. Жаяу жүргіншілер тарапынан соңғы төрт күнде 292 бұзушылық тіркелді, олардың барлығы – жолды белгіленбеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісіне кесіп өту.
Автопатрульдер тек елді мекендерде ғана жұмыс істемейді, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді. СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің міндеті – құқық бұзушылықтардың жолын кесу ғана емес, жүргізушілерге барынша көмек көрсету. Жарты жылдың ішінде қала сыртындағы жолдарға қызмет көрсететін патрульдік полицейлер жүргізушілер мен жолаушыларға 50 реттен аса көмек көрсеткен. Көп жағдайда адамдар елді мекендерден алшақ орналасқан қала сыртындағы жолдарда, маусымаралық кезеңде, қолайсыз ауа райы кезінде келеңсіз жағдайларға тап болып жатады.