Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері ломбардты ойыншық тапаншамен тонаған ер адамды ұстады

Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері ломбардты ойыншық тапаншамен тонаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеше «102» арнасына ломбард кассирінен бірнеше минут бұрын белгісіз ер адамның тапаншамен қорқытып, тонағаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол 200 мың теңге ақша қаражатын жымқырып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.

Жәбірленушінің айтуынша, сағат 12.00-де медициналық бетпердегі ер адам терезеге жақындап, оған қарай тапаншаны көздеген. Ол терезеге целлофан пакетін созып, тыныш дауыспен, «ақшаны тезірек пакетке сал, алтын тағы не бар, барлығын! Әйтпесе өлтіремін!деп айтқан. Осы сөздерден кейін кассадағы қыз еш ойланбастан бар ақшаны жинап, пакетті қарақшының қолына тапсырған.

Оқиға орнына жедел полиция тобы келіп, күдіктінің белгілері анықталды. Бағыт-бағдар бойынша барлық аудан полиция жасақтарымен тексерілді. Жедел басқару орталығының операторлары бейнекамераларды бақылап, қарау барысында күдіктіге ұқсас ер адамды байқады. Бейне кадрлардан күдікті тез арада белгісіз затты байқаусызда лақтырып жібергендей көрінген. Кейін өтіп бара жатқан бөгде адамның жерде жатқан ойыншық тапаншаны тауып алғаны байқалады.

Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» сауда үйінің тұрағында қылмыскерді қолға түсірді. Ол қала маңындағы елді-мекеннің 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша қарақшылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Елорда аумағында 19 шілдеден бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Аталған іс-шараның мақсаты – көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ, жол қауіпсіздігін сақтау болып табылады.
Екі күн ішінде қала аумағында 17 қылмыс тіркеліп, оның 13-і ашылды, сондай-ақ, бұрын жасалған 19 қылмыс ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру