19 алаяқтық жайтына қатысы бар сайрамдық әйел ұсталды
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларды жақын таныс емес әйел алдаған. Ол мемлекет тарапынан 1 000 000 теңге әлеуметтік көмек алып беремін деп сендіріп, осы істі жасап беру үшін әйелдерден 50 мың мен 180 мың теңге көлемінде ақша алған. Осылайша мемлекеттен «миллион теңге» әлеуметтік көмек алып беремін деген алаяққа сенген тұрғындар алданып қалды.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті әйел тұрғылықты мекенжайы бойынша анықталып, Полиция басқармасына жеткізілді. Ол Сайрам ауданының бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктінің жалпы 19 жайтқа қатысы бары анықталды. Күдікті тұрғындардың көпшілігін жоғарыдағыдай «миллион теңге» алып беремін деп алдаса, бір жайтта кезексіз пәтер алып беремін деп иландырып, тұрғынның 650 000 теңгесін алған.
Бүгінгі таңда ұсталған әйелдің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.