Аралда ұрлық үшін сотталған мәжбүрлі еңбекке тартылды
Аралда ұрлық үшін сотталған мәжбүрлі еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық пробация қызметінің есебінде 70-тен астам сотталған есепте тұр. Оның ішінде бас бостандығын шектеу жазасымен сотты болған 30-дан астам адамға сот үкімімен мәжбүрлі еңбек тағайындалған.
Арал ауданының тұрғыны Ш. есімді ер адам ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған екі жыл алты ай бас бостандығынан шектеу жазасына жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылауға алынады.
Қазіргі уақытта бұл ер адам жергілікті әкімдік белгілеген жерде, яғни аудан орталығындағы орталық алаңда күніне төрт сағат құрылыс жұмыстарын атқару арқылы жазасын өтеуде.
– Пробациялық бақылау белгіленген әрбір адамға жаза өтеудің тәртібі мен міндеттері пробация қызметкерлерімен түсіндіріледі. Есепте тұрған барлық сотталғандарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, заңгерлік көмектер толығымен көрсетіледі. Пробация қызметкерлерімен мекенжайынан, жұмыс орнынан тексеру жұмыстары жүргізіледі. Жуырда есептегі үш адам мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алып, жеке мал шаруашылығы кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ерболат Жарасов.