Тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзған Toyota Camry жүргізушісін жауапқа тартты
Түркістанда тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзған Toyota Camry жүргізушісін жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласы ЖПҚ-ның патрульдік полицейлері рейд кезінде жол ережесін өрескел бұзған Toyota Cаmry автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Ол Түркістан қаласындағы маңызды көшелердің бірінде көлігіне арнайы жарықшамдары мен дыбыс зорайтқышын заңсыз орнатып алып, рейд жүргізіп тұрған полицейлердің талабына бағынбай, жүріп кеткен.
Toyota Cаmry көлігінің жүргізушісі Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны, яғни жас жігіт болып шықты. Түркістандық тәртіп сақшылары оған тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолда жол ережесін сақтамаудың қауіптілігі туралы айтты. Сонымен қатар заң аясында оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы (Ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау) бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 603-бабы (Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу) бойынша құжаттар жинақталып, іс сотқа жолданды.