Қарағанды облысында бөтеннің атынан несие алған ер адам ұсталды
Қарағанды облысында ер адам қаржы ұйымының қызметкерлері хабарласқанда ғана мойнында несиесі бар екенін білген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 тамызда Бұқар жырау аудандық Полиция басқармасына 52 жастағы ер адам шағымданды. Жәбірленушінің атынан бөгде адам несие рәсімдеп, жалпы сомасы – 170 мың теңге алған. Ер адам ауылдағы жас жігіттен күдіктеніп жүргенін де жеткізді.
22 жастағы ауылдасы ол кісіден 30 мың теңге қарызға алған. Біршама уақыттан кейін тағы келіп, ақша сұрайды. Сол кезде оған онлайн-несие алуға кеңес берген. Ал жас жігіт қалай алатынын білмегендіктен, жәбірленуші ұялы телефонын алып, онлайн-несиені қалай алу керек екенін көрсеткен. Бірақ өзінің жеке мәліметін енгізіп, өшіруді ұмытып кеткен. Жігіт ауылдасының ұмытшақ екенін біліп, үйіне барған соң, 70 мың теңгеге онлайн-несие алады. Жеңіл ақшаға қызығып кеткені сонша, біршама уақыттан кейін тағы ұялы телефон арқылы несие рәсімдеп, ақша алған. Ал жеке мәліметтерін енгізген ер адам қаржы ұйымының қызметкерлері хабарласқанда ғана мойнында несие бар екенін білген.
Полицейлер күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.