Қарағандылық полицейлер пробация қызметінен жасырынып жүрген ШҚО тұрғынын ұстады
Қарағандылық полиция қызметкерлері пробация қызметінен жасырынып жүрген Шығыс Қазақстан облысының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамызда Абай ауданының ПБ патрульдік полиция взводының қызметкерлері көпқабатты үйлердің бірінің ауласында қызметтік көлікті көріп, қашып кетпек болған ер адамды байқады. Патрульдік полиция қызметкерлері бірден әрекет етіп, күдіктіні ұстады.
Тексеру кезінде ұсталған ер адам – 41 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол бұрын аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған, сәуірде шартты түрде босатылған. Бірақ ол пробация қызметкерінің бақылауынан жасырынып, өзінің тұрақты тұрғылықты жеріне келмегендіктен, сот қашқынға іздеу жариялаған.
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, іздестіруші пробация қызметіне хабарлама жіберілді.