Түркістан облысында жүк көтергіш көліктің жүргізушісі 7 жылға куәлігінен айырылды
Түркістан облысында жүк көтергіш көліктің жүргізушісі жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 күнге қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желіде полицейлердің жол бойында жүргізушіні көлігінен мәжбүрмен түсіріп жатқаны туралы бейнежазба таралды. Осы жағдай бойынша нақтырақ айтсақ: түркістандық полицейлер ішімдік ішкен жүргізушіні тез арада ұстап, болуы мүмкін жол апатының алдын алды. Яғни үлкен көше бойында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші, өзге де көліктерге авариялық жағдай туғызған.
Анықталғандай, түркістандық полицейлерге 05 қыркүйек сағат 19:00 шамасында С.Ерубаев көшесі бойынан жүк көтергіш автокөлігінің жол ережесін бұзып келе жатқаны және жүргізушісінің мас халде болуы мүмкін екені туралы хабарлама түскен.
Ақпарат бойынша дер кезінде Түркістан ҚПБ ЖПҚ ППР автоэкипажы оқиға орнына жетті. Содан жол ережесін бұзған көлікті тоқтату кезінде, жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбай, қала көшелерімен қашқан. Одан ары жақын аймақта жүрген ППР автоэкипаждардың көмегімен қашқан көлік кедергі жасау арқылы тоқтатылып, жүргізуші мәжбүрлі түрде түсірілген.
Жүргізуші жергілікті тұрғын болып шықты. Оның алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің «орта дәрежелі» мас халде екені анықталды.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің бес бірдей бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Олар: 595-бабы (маневр), 606-бабы (авариялық жағдай туғызу), 599-бабы (бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өту), 613-бабы (заңды талапқа бағынбау) және масаң күйде көлік басқарғаны анықталып, 608-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Нәтижесінде, сот шешімімен Түркістан қаласының тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Осылайша, тәртіп сақшыларының кәсіби іс-әрекеттердің арқасында соңы адамдардың өлімімен немесе қандай да бір орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін жол қозғалысы ережесін бұзу жайты уақтылы тоқтатылды. Сондықтан жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар. Мас халде көлік басқармаңыздар.