Петропавл полицейлері 1600-ден астам тыныштық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты
Петропавл полицейлері 1600-ден астам тыныштық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта тыныштықты бұзу – учаскелік полиция инспекторларының жұмысы барысында жиі кездесетін мәселелердің бірі. Шақыртулар жалға берілетін пәтерлердің көршілерінен көптеп түседі. Осындай «проблемалы» пәтерлердің бірі Петропавл қ. Ғ. Мүсірепов көшесі бойында орналасқан. Тұрғындары алкогольдік ішімдікпен отырыс жасап, коммункацияларды істен шығарып, төмендегі көршіге су кеткен. Учаскелік полиция инспекторы пәтер бюросының әкімшілігімен бірнеше рет әңгіме жүргізген. Кезекті шақыртудан кейін құқық бұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларды жою үшін бюроға ұйғарым шығарылды. Осыдан кейін пәтер бюросының әкімшілігі пәтерді тек ұзақ мерзімге жалға беру туралы шешім қабылдады. Қазір аталған мекенжайға шақыртулар тоқтатылды.
– Бүгінгі күні проблемаларды шешудің ең пәрменді жолы осы, — дейді Петропавл қ ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин. — Хаттама толтырғаннан кейін шулы тұрғындарды пәтерден шығару жақсы тәжірибеге айналды, алайда келесі күні сол пәтерге шақырту түспейтініне кепіл жоқ. Пәтерді ішімдікпен бас қосуға жалдайтындар, көршілерінің қиын жұмыс күнінен кейін толыққанды демалуы қажет екендерін, балалардың тыныш ұйқысын ойламайды. Петропавл полицейлері күн сайын түнде бірнеше шақыртуларға шығады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынатынын естеріңізге саламыз. Тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан қалада ҚР ӘҚБтК аталған бабы бойынша 1600 хаттама толтырылған.