«Пәтер алып беремін»: түркістандықтар 15 млн теңгесінен айырылды
Түркістан полицейлері тұрғындарға пәтер алып беремін деп 15 миллион теңге шығын келтірген алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келеді. Арызданушының айтуынша, бұрын соңды таныс емес ер адам Шымкент қаласынан үй алып беремін деп 2 500 000 теңгесін қолма-қол бергенін, алайда арадағы уәде орындалмағанын айтып жеткізген. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 15 миллион теңгені құрады.
Арызды полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Осыдан соң сақшылар күдіктіні табуға бағытталған жұмыстардың барлығын атқарды.
Осылайша тәртіп сақшыларының атқарған жедел шаралары нәтижесінде, небары тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жұмыссыз жүрген, бұрын соңды осындай алаяқтық жайтына қатысы бар азамат болып шықты.
Атқарылған жұмыстар барысында анықталғандай, күдікті ер азамат өз арам ойын іске асыру үшін Кентау қаласының тұрғынын жолықтырып, Шымкент қаласынан үй алып беремін деген жалған уәдесімен сеніміне кіріп, ақшасын алып алады. Осыдан соң уәде орындалмай, не ақша қайтарылмай 1 жыл бойы жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған. Сондай-ақ кентаулық полицейлер күдікті азаматтың 13 тұрғыннан алаяқтық жолмен ақша алғанын анықтады. Яғни күдікті азамат оларға да үй алып беремін деп, өтірік сөзімен сендірген. Бұл ретте жәбірленуші тұрғындар өз ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияның көмегіне жүгінді.
Қазіргі уақытта орта жастағы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады! Сондай-ақ есте сақтаңыз, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті беруге немесе айтуға міндетті емессіз! Әрбір мәселені заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз!