Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында күдікті ер адам учаскелік инспекторге пышақ жарақатын салды

Түркістан облысында күдікті ер адам учаскелік инспекторге пышақ жарақатын салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаштық учаскелік полицейлердің бірі – полиция капитаны Асқар Уәлиев өз аумағының тұрғыны, есірткі бойынша күдікті деп танылған ер азаматты сотқа дейінгі тергеуге шақыру кезінде жарақаттанды.
Нақтырақ айтар болсақ, Сарыағаш АПБ-ның сақшыларымен арнайы рейд жүргізу кезінде жүрісі күдік тудырған жаяу жүргінші анықталып, әңгімеге тартылды. Құжаттары тексерілді. Тексеру барысында күдік тудырған жаяу жүргіншіден есірткі заты анықталды. Есірткі сараптамаға жолданып, қорытындысы бойынша “кептірілген марихуана” болып шықты.

Осыдан соң ауданның тәртіп сақшылары ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу басталады. Күдікті тергеуге шақырылады. Алайда ер азаматтың кешігуіне байланысты учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Асқар Уәлиев күдіктіге жолығып, заңға бағыну қажеттілігін түсіндіреді. Осы кезде күдікті ер азамат асхана пышағын алып, күтпеген жерден полицейдің аяғына сұғып алады. Содан соң оқиға орнынан қашып кетеді.
Оқиғаға куә болған адамдар тез арада жедел жәрдем көлігін шақырады. Сонымен қатар оқиға орын алған жерге қосымша аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Батырбек Ералиев, полиция майоры Бекжан Кеңесарин, полиция капитаны Марат Сырғабаев, сақшы сарбаздар: Сержант Бағдәулет Жораев пен Жұмабек Көшеновтер келеді. Аталған қызметкерлер әріптесіне медицина мамандары көмектесіп жатқандықтан, бірден күдіктінің ізіне түседі. Көшелерді аралап, анықталған мекен жайына барады. Осыдан соң күдікті ер азамат үйінен ұсталды. Одан айғақты зат ретінде «асхана пышағы» алынды. Бүгінде ер азамат қамауда.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабымен бірге ҚР ҚК-нің 380-1-бабы 1 бөлігімен (Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің өміріне қолсұғушылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетсек, полиция капитаны Асқар Уәлиев ішкі істер органдарының қатарында 2008 жылдан бері қызмет етеді. Ал учаскелік инспектор лауазымында 2015 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Оған бекітілген аумақта алты мыңға жуық тұрғын тұрады. Учаскелік полицей таңның атысы мен қас қарайғанша өзіне бекітілген аумақта тыныштықты күзетіп, өз міндетін тиянақты атқарып келеді.

Әріптестерінің айтуынша, мұндай жайт бұған дейін мүлде орын алмаған. Жұмыс көрсеткіші үлгі боларлық учаскелік полицейдің тез арада сауығып, қатарларына ертерек қосылуын қалайды.

Жалпы сарыағаштық УПИ А.Уәлиевтің қырағылығымен осы уақытқа дейін көптеген қылмыстық істер ашылып, құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталған.
Өз қызметтік міндетін атқару барысында оң аяғынан жарақат алған учаскелік полицей Асқар Уәлиев қазіргі таңда емханада. Оған қажетті көмек көрсетілуде. Өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру