Қостанайлық полицейлер “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша тест тапсырды
Қостанайлық полицейлер “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша тест тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша диагностикалық тест тапсырды. Тестілеуге патрульдік полицияның 25 қызметкері қатысты. Мақсат – қазақ тілін білу және оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін анықтау.
Сынақ нәтижесі бойынша тәртіп сақшыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі анықталатын болады. “Қазтест” жүйесі бойынша полицейлер мәтінді тыңдап және аударып, лексикалық, грамматикалық тапсырмаларды орындады.
Патрульдік полиция ротасының инспекторы Алишер Есенбайұлының мемлекеттік тіл үйрету сабағына қатысып жүргеніне екі жылдай уақыт болыпты. Айтуынша, игерген білім бағдарламасы және қазақ тілін күнделікті қызметте жиі қолданатындықтан, тест тапсыру ешқандай қиындық тудырмаған.
Полиция департаментінде қызметкерлерге қазақ тілін үйрету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жұмыстарына ерекше назар аударылған. Қазақ тілі сабақтарын Тілдерді дамыту басқармасы “Тілдарын” оқыту орталығының мамандары аптасына екі рет жүргізеді.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтың бастамасымен қалалық басқармалар мен аудандық бөлім басшыларынан тұратын мемлекеттік тілді оқыту бойынша топ құрылды. Сабақтар жақын арада басталатын болады.