Алматыда ұрланған көлік құралдарын бөлшектеп сатумен айналысқан топ құрықталды
Алматыда ұрланған көлік құралдарын бөлшектеп сатумен айналысқан топ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық криминалды полиция қызметкерлері аталған қылмысқа қатысты бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотталған Жамбыл облысының 26 жастағы тұрғынын және осыған дейін екі рет сотты болған 25 жастағы ер адамды ұстады.
– Оларды құрықтамас бұрын біздің басқарма қызметкерлері күдіктілердің әрқайсысының атқаратын қылмыстық әрекеттерін арнайы операция барысында зерделеп, ұрланған көлік құралдарын бөлшектеп сатуға жауапты адамды да анықтады. Аталған қылмыстық топ алты адамнан құралған. Олардың үлкендерінің жасы 47-де болса, ең жас күдікті 25-те болып шықты. Бұлардың барлығы оңай жолмен пайда табуды көздеген. Дәлірек айтқанда, екі күдікті өздерін қала базарларының бірінде қосалқы бөлшектер сатумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде таныстырған. Алайда олардың сауда нүктелерінде тек қана ұрланған көлік құралдарының қосалқы бөлшектері ғана саудаланған, – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД-нің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Тергеу барысында қаскөйлердің 10 көлік құралдарын ұрланғандықтары белгілі болды. Олар көбінесе ескі үлгідегі BMW, Lada, Nissan, Audi, Volkswagen көліктерін қолды етіп отырған.
– Қазіргі таңда үш автокөлік толығымен анықталса, қалған жеті көліктің қайда жасырылғаны анықталуда. Күдіктілердің айтуы бойынша, олар ол көліктерді көршілес облыстарға апарып үлгерген. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда, – деп атап өтті Науатов.