Тараздық полицей краннан секірмек болған әйелді құтқарып қалды
Тараздық полицей краннан секірмек болған әйелді құтқарып қалды,- деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қыркүйек сағат 21:00-де Тараз қаласының Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының кезекші бөліміне “102” телефонына хабарлама келіп түсті.
Қоңырау шалушы облыс орталығының 15 шағын ауданының аумағында белгісіз әйел биік құрылыс кранынан секіруге тырысып жатқанын айтты. Оқиға орнына дереу шыққан патрульдік экипаж құрылыс кранының ең биік жерінде отырған әйелді көрді. Полиция қызметкерлерінің бірі ойланбастан кранға тез көтеріліп, әйелді өміріне қауіп төндіретін әрекетті жасамауға көндірді.
Полиция қызметкері ұзақ жүргізілген сөйлесуден кейін, оған қауіпсіз төмен түсуіне көмектесті.
Бұдан әрі тәртіп сақшылары әйелдің мас күйде болғандықтан, өз іс-әрекеттеріне есеп бермегенін анықтады. Полицейлер оны көрсетілген мекенжай бойынша үйіне апарып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізді.