Түркістан облысының полицейлері бақташының жоғалтып алған 12 бас жылқысын тауып берді
Түркістан облысының полицейлері бақташының жоғалтып алған 12 бас жылқысын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек ауданы полиция бөліміне ауданға қарасты Кеңес төбе ауылының тұрғыны арызданды. Онда ауыл жанында орналасқан мал жайылымында өзінің 12 бас жылқысының жоғалғандығы жөнінде хабарлаған.
Полицейлер арыз түскен бойда арнайы жеке құрамды жасақтап, дереу іздестіру шараларын ұйымдастырды. Іздеу барысында көрші ауылдардағы мал жайылымдарын аралап, таулы аймақтардың жота-аңғарларына, ойыс алқаптарына түгел тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жоғалған жылқылар Көктерек ауылының таулы аймағынан табылды. Анықталғандай жылқылар өз жайылымынан 15 шақырым қашықтыққа ұзап кеткендігі белгілі болды.
Табылған жылқылар тез арада өз иесіне қайтарылды. 12 бас жылқысының түгел табылғанына қатты қуанған азамат полицейлерге алғыс жаудырып, жұмыстарына табыс тілеп, ризашылығын білдірді. Өз кезегінде полиция қызметкерелері бақташыға енді мұндай жағдай қайталанбас үшін, малды қараусыз қалдырмау керектігін ескерте кетті.