Павлодар полицейлері 10 мыңнан астам қару иелерін тексерді
Павлодар полицейлері 10 мыңнан астам қару иелерін тұрғылықты жері бойынша тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаруды пайдалану арқылы қылмыстың алдын алу бойынша жұмыс Павлодар облысы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Полиция қызметкерлері осы бағыттағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды дер кезінде анықтау және алдын алу мақсатында үнемі тексерулер жүргізеді.
– Ағымдағы жылы полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан тіркелмеген 123 қаруды тәркіледі. Тұрғылықты жері бойынша 10 814 жеке қару иелері тексеріліп, 646 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 487 қару иесі жауапқа тартылды. Азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін немесе оны есепке қою тәртібін бұзғаны үшін 159 іс қозғалды. Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иемденгені, бергені, өткізгені, сақтағаны, алып жүргені, тасымалдағаны үшін 84 адам жазаланды, – деді Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.
Құқықтық тәртіп сақшылары қару иелерін тексеру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қаруды сақтау және пайдалану жөніндегі заңнамасының талаптары туралы профилактикалық сипаттағы әңгіме жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе тексеру кезінде көптеген адамдарда азаматтық қаруды сақтау сейфтеріне орнатылған дабыл жұмыс істемейді. Мұндай құқық бұзушы иелерін 484-бап бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы жауапқа тартады.
Полиция тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.