Атырауда 15 жастағы баланы тонаған ұры ұсталды
Атырауда 15 жастағы баланы тонаған ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қыркүйек күні сағат 15:30 шамасында кәмелеттік жасқа толмаған баладан бейтаныс біреу қалтасындағы қаражатты көріп ашық түрде тонап, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбірленушіге 38 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Аталған оқиға жасөспірімнің Атырау қаласындағы тез дайындалатын тағам сататын дүңгіршектен тағам алып жатқан уақытта орын алған. Ақшасы ұрланған жәбірленушінің әкесі бірден 102 операторына телефон шалып, болған оқиға жөнінде шағым түсірді.
Тонау фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1- бөлімімен қылмыстық іс тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында бірнеше мәрте қарақшылық, тонау және ұрлық қылмыстық құқық бұзушылықтары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Атырау қаласының 25 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Айғақ зат ретінде құқық бұзушылық жасаған уақытта киген киім-кешегі тәркіленіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.