Теміртауда дүкендердің бірінде әйел зейнеткерді тонап кетті
Теміртауда дүкендердің бірінде әйел зейнеткерді тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қыркүйекте Қарағанды облысы Теміртау қаласының ПБ Шығыс полиция бөліміне қаланың сауда орындарының бірінде зейнет жасындағы әйелді тонап кеткені туралы хабарлама түсті.
Жәбірленуші 69 жастағы зейнеткер дүкенде жүріп, тауарды төлеу үшін сөмкесінен әмиянын шығарған. Қасында тұрған бір әйел кенеттен қолынан әмиянды жұлып алып, далаға қашып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 26 мың теңгені құрайды.
Полиция қызметкерлері күдікті 31 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.