СҚО полицейлері жас ауылдықтан тіркелмеген мылтық тәркіледі
СҚО полицейлері жас ауылдықтан тіркелмеген мылтық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер Айыртау ауданының 23 жастағы тұрғынынан тіркелмеген 12 калибрлі «ИЖ-27 ЕМ» мылтығын тәркіледі. Жігіттің айтуынша, ол қаруды 43 жастағы ауыл тұрғыны, өзінің ағасынан алған. Ол қауіпті затты заңсыз иеленгенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, ол мылтықты далада жұмыс істеп жүрген кезде арнайы қапқа салынған күйінде тауып алған. Қару тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Заңсыз сақтағаны үшін ересек ер адамға қатысты әкімшілік материал жиналды.
– Бұл факті облыстық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды, – деді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов. – Іс-шараның мақсаты – тіркелмеген қаруды айналымнан алу, оларды қылмыстық мақсатта қолдану тәуекелін барынша азайту. Операция кезінде жеті тіркелмеген мылтық пен 120-дан астам заңсыз сақталған патрон тәркіленді. 2109 қару иелері тексерілді, олардың 45-і сақтау ережелерін бұзғаны үшін, 10-ы – қайта тіркеу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Полицейлер қаруды белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін сейфтерде сақтау керектігі жайлы еске салады. Сейфте басқа заттарды сақтауға болмайды. Қалада тұратын қару иелері міндетті түрде дабыл орнатулары тиіс. Бес жылда бір рет қаруға рұқсатты қайта рәсімдеу қажет. Тұрғылықты жерді ауыстырған кезде міндетті түрде ішкі істер органдарын хабардар ету керек.
Тәртіп сақшылары қару иелерінен заңнама талаптарын білуді және қатаң сақтауды сұрайды. Серік Әлжановтың айтуынша, заңнамаға кейбір өзгерістер енгізілген.
Мысалы, патронды сақтау тәртібіне қатысты. 2000-нан аса патронды сақтауға тыйым салынады. 500-ге дейін патронды қарумен бірге сейфте, 500-ден 2000-ға дейін – тек бөлек сейфте (қала тұрғындары үшін сигнализация болуы тиіс) сақтауға болады. Сонымен қатар, міндетті түрде ішкі істер органдарына хабарлағаннан кейін, орталықтандырылған сақтау құқығына рұқсаты бар субъектілердің қару-жарақ бөлмелерінде қару мен олардың патрондарын сақтауға рұқсат етіледі.