Екібастұзда алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан дүкен иесі айыппұл арқалады
Екібастұзда алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан дүкен иесі айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері алкоголь өнімдерін сату бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру үшін жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрады.
Кезекті рейд жүргізу барысында Екібастұз қаласының тәртіп сақшылары Энергетиктер көшесіндегі дүкенде тиісті құжаттарсыз алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісін анықтады. Сатушы қала тұрғынына 0,5 литрлік бөтелке арақ сатты. Полицейлердің алкогольді сатуға рұқсат беру туралы өтінішіне сатушы оның жоқ екенін айтты.
Алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, оған сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша Екібастұз қаласының мамандандырылған соты әйел адамға қатысты 81 676 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тағы бір бұзушылық фактісі М. Әуезов көшесінде анықталды. Мұнда сағат 21:25-те сатушы әрқайсысы 0,5 литр болатын екі бөтелке сыра өнімін сатты. Полиция қызметкерлері сауда орнының иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 200-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот оған 81 676 теңге айыппұл салып, алкогольді ішімдіктерді сатуға лицензияны бір ай мерзімге тоқтатты.
– Полиция қызметкерлері мұндай рейдтерді үнемі өткізіп тұрады. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында алкоголь өнімдерін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 140-қа жуық адам жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін заңнама талаптарын бұзудың 90-нан астам фактісі анықталды, – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.