ШҚО колониясында кезекті рет неке қиылды
ШҚО колониясында сотталған қыз тұрмысқа шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл ОВ-156/21 түзеу мекемесінің тарихында Мендельсон шеруі және көрермендермен өткен бірінші оқиға емес. Бал айының орнына жас жұбайларға кестеге сәйкес кездесуге екі күн ғана уақыт беріледі.
Евгений (аты өзгерген) әйелдер колониясына өз сүйіктісіне келіп, өзінің ниетін білдірді. Жігіт алдын ала дайындалып, барлық тиісті құжаттарды реттеп, бір ай бұрын АХАЖ бөліміне өтініш беріп, бұл күнді асыға күтті. Жастарды маңызды күнімен құттықтау үшін екі жақтың да туыстары жиналды.
– Мекемеде сотталғандар әлеуметтік байланыстарын сақтайды. Олар колонияның ішкі ережелерін бұзбауға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға немесе қоныс колонияға ауысуға тырысады. Осының бәріне себепкер болып, сотталғандарға моралдық қолдау көрсететін, ең алдымен, сотталғандардың туыстары, – деді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Анара Сабиева.
Неке қию рәсімін салтанатты түрде АХАЖ бөлімінің қызметкері өткізді. Алайда Евгенийге жас жұбайының сот үкімімен шығарылған мерзімі өткенше күтуге тура келеді.
20 жастағы Алина (аты өзгерген) Өскемен қаласынан Шуақ ауылында орналасқан әйелдер колониясына жіберілді. Ол психотроптық есірткі заттарды сату мақсатымен сақтағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.
– Мен тұтқындалғаннан кейін ол мені қолдауға тырысты, анамнан менде бәрі жақсы ма деп үнемі сұрайды. Анам менің таңдауыма қолдау көрсетті. Бірақ мен оны сотталған әйелге үйленіп, өз өмірін құрта ма деп қорықтым. Бұл күн мен үшін өте маңызды, – деді Алина.