Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Автобус» іс-шарасы: Түркістан облысында 2 мыңнан астам әкімшілік бұзушылық анықталды

Түркістан облысында «Автобус» іс-шарасы барысында 2 мыңнан астам әкімшілік бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4-13 қазан аралығында Түркістан облысының аумағында республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Ондағы негізгі мақсат – қоғамдық көлік құралдарының санитарлық, техникалық жағдайын тексеру, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік тәртібін арттыру болып табылады. Іс-шараға 500-ге жуық полиция қызметкерлері мен басқа да қатысы бар сала қызметінің өкілдері жұмылдырылды.

Нәтижесінде, Түркістан облысының полицейлері автобус жүргізушілері жасаған 2299 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жолаушыларды заңсыз тасымалдау бойынша – 27 жайт, жолаушыларды, жүк салғыштар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу бойынша – 247 жайт, заңсыз қайта жабдықтау бойынша – 102 дерек, рейс алдындағы техникалық байқаудан өтпегені үшін – 51 жайт, мемлекеттік және міндетті техникалық байқаудан өтпеген 281 дерек, жолдың қарама-қарсы бағытына шығу бойынша 1 құқық бұзушылықты анықтады.

Сонымен қатар жылдамдық режимін бұзғаны үшін 34 жүргізуші, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 354 және автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін – 448, қоғамдық көлікті мас халде басқарғаны үшін екі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оған қоса шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарымен тасымалдауды жүзеге асырған 12 дерек анықталып, бүгінде көлікті бақылау инспекциясына тапсырылған. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 96 автокөлік айыппұл тұрағына орналастырылса, 1080 автобустың жылыту мен электр жабдықтарының жағдайы тексерілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру