Қарағандыда полицейлер жанып жатқан подъезден балаларды алып шықты
Қарағандыда полицейлер жанып жатқан подъезден балаларды алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қазан күні Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің құрамында аға лейтенанттар Дамир Адалиев және Асылхан Шынарбек бар арнайы экипаж қаланың Орталық аумағында қызмет атқаруда болған.
Сағат 20.30 шамасында Пичугина көшесінің бойындағы бес қабатты үйдің пәтерінде өрт болып жатыр деген суық хабар келіп түсті.
Полицейлер оқиға болған орынға қас қағым сәтте жеткен болатын.
Үйдің бірінші қабаты өртеніп, қара түтін шығып жатты.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп, подъезге кірмекші болған азаматтардың жолына тосқауыл қойылған болатын. Үйден жүгіріп шығуға үлгерген тұрғындар
көшеге жиналды. Алайда көп адам өз пәтерлерінен шығып үлгермеген.
– Мен серіктесім екеуміз кіре беріске жүгіріп кіріп, пәтерлерді қаға бастадық. Түтіннің қатты болғаны сонша, мен басыма күртеше жауып, ал Дамир бетін бас киімімен жапты. Тек содан кейін ғана тыныс алу мүмкін болды. Біз төртінші қабатқа көтерілдік, белгілі болғандай, 16-шы пәтерде сегіз және он жастағы қыздары бар әйел адам болған. Олармен бірге пәтерде ит те бар болып шықты. Біз олардың бәрін көшеге шығардық, – дейді Шынарбек Асылхан.
Полицейлер енді ғана таза ауамен тыныс алып, ес жиғанда олардың жанына ерлі-зайыптылар жүгіріп келген. Олар таңертең жұмысқа кетіп, қарт ата-анасына екі айлық бала мен екі жасар ұлды тастап кеткендігін асығыс түсіндірді. Өрт басталған кезде қарттар екі айлық сәбиімен бірге үйден шығып үлгерген, ал екі жасар немересі пәтерде қалған. Сонымен қатар, бес жасар баласы бар әйел бесінші қабаттағы пәтерде қалып қойғаны белгілі болды. Полицейлер ойланбастан қайтадан қауіпті подъезге жүгірді.
Екі жасар сәбиді олар балконнан тапқан. Бір таңқаларлығы, бала Ш.Асылханның мойнынан құшақтап мүлдем жыламаған.
– Мен алтыншы қабатқа көтеріліп, 18-ші пәтердің есігін қақтым. Пәтерде бес жасар баласы бар әйел адам бар екен. Әйелден пәтерден неге шықпағанын сұрадым. Үй иесі кіреберіс қараңғы және қою түтінге оранғанын көріп, шығуға қорыққанын түсіндірді. Мен баланы әйелдің қолынан алып, бірге төменге түстік, – дейді Д.Адалиев.
Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Сағат 23.00 шамасында тұрғындар үйлеріне қайта оралды. Полицейлер одан әрі өз қызметтерін жалғастырды. Кейіннен өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болғандығы белгілі болды.