Ақтөбе облысында иесіз жайылып жүрген жылқы жол-көлік оқиғасына себеп болды
Ақтөбе облысында иесіз жайылып жүрген жылқы жол-көлік оқиғасына себеп болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қазан күні сағат 21.00-де "Лада-21214" автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі Жайсаң ауылы жағынан Мәртөк кенті бағытында "Ақтөбе-Орынбор" автожолында атты қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 22 жастағы жолаушы Мәртөк ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
Полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылатын жануардың иесін анықтайды.
- Иесіз жайылып жүрген мал ең алдымен түнгі уақытта қауіп төндіреді, кенеттен жолға шығып, жол-көлік оқиғаларын тудырып, сонымен бірге қылмыс объектісіне айналады. Облыс жолдарында жануарлардың қатысуымен бес ЖКО орын алды, онда жеті адам зардап шекті, - деп түсіндірді Ақтөбе облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев.