Солтүстікқазақстандық полицейлер «Ақ бидай» республикалық спартакиадасында жүлделі орындарды иеленді
Солтүстікқазақстандық полицейлер «Ақ бидай» республикалық спартакиадасында жүлделі орындарды иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД аппараттық кеңесінде облыстық полиция ведомствосының бастығы Марат Төлебаев VII «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарында жүлделі орындарды иеленген қызметкерлерді марапаттады. Жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Полиция аға лейтенанты Батырхан Қайырбек қазақ күресінен екінші орынды иеленді. Ол 74 кг дейінгі салмақта белдескен.
71 келіге дейінгі салмақта кикбоксингтен екінші орын алған аға лейтенант Айбек Төлебаев 15 жылдан бері күн сайын жаттығуға көңіл бөлуде. Бүгінгі таңда оның спорттағы нәтижесінде 30 тарта медаль бар және бұл жетістіктерімен тоқталмайтынын тілге тиек етті. Оның әріптесі полиция лейтенанты Айдар Жүніспаев кикбоксингпен 8 жыл бойы шұғылдануда, ол да 75 кг дейінгі салмақта екінші орынға қол жеткізді.
Кикбоксингтің «Ақ бидай» бағдарламасына алғаш рет енгізілгенін айта кеткен жөн. Барлығы спартакиадаға елімізден 2000 аса спортшы қатысқан. Жарыс ұлттық ойындарды қосқанда спорттың 13 түрі бойынша өтті. Олимпиадаға ұқсас спорттық мереке төрт жылда бір рет өтеді.
– Жақсы дене шынықтыру дайындығы – құқықтық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес кезіндегі тиімді қызмет атқару үшін қажет дағды. Спортпен шұғылдану полицейлердің жұмысқа қабілеттілігін жақсартады, салауатты өмір салтын насихаттаудың кепілі болып табылады, сондай-ақ ұстамдылық пен мақсатқа ұмтылушылық сынды қасиеттерді дамытады. Сондықтан Департамент басшылығы қызметкерлердің спорттағы жеткен жетістіктерімен марапаттап, жоғары жетістіктерге қол жеткізудегі құлшыныстарына қолдау білдіреді, – дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.