Шымкентте ұры тұрғынның үйінен құны 1,2 миллион теңгенің алтын бұйымдарын үптеп кетті
Шымкентте полицейлер ұрлық жайтын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, құны 1,2 миллион теңгені құрайтын алтын бұйымдарын және бағалы маталары мен киім-кешектерін ұрлап кеткенін көрсеткен.
Аталған жайт бойынша Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында жергілікті тұрғын анықталып, басқармаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта күдікті азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Осы орайда, Шымкент қаласының полицейлері тұрғындарға жеке мүлкіне сақ болуға шақырады. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз, қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.