Шымкенттік полицейлер алаяқтық жасаған әйелді ұстады
Шымкенттік полицейлер алаяқтық жасаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби аудандының Полиция басқармасына қала тұрғыны арызданған. Ол өз арызында бейтаныс әйел кәсіпкерлер палатасы арқылы қайтарымсыз 585 мың теңге көлеміндегі көмекті алуға көмектесемін деп сеніміне кіріп, 30 000 теңге көлеміндегі қаражатын иемденгенін көрсеткен. Оған қоса, арызданушының айтуынша, арада 4 ай өткеннен соң, бейтаныс әйел қайтарымсыз көмекті кезексіз алуға тағы да 55 000 теңге қажет екенін айтып, жалпы сомасы 85 000 теңге көлеміндегі қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп, уәдесін орындамай кеткен.
Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті тұрғынды анықтап, тиісті басқармаға жеткізді.
Қазіргі уақытта күдікті азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.