Теміртауда бірнеше алаяқтыққа қатысы бар әйел ұсталды
Теміртауда бірнеше алаяқтыққа қатысы бар әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қазанда Теміртау қаласының ПБ-на 39 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Жәбірленуші белгілі бір әйелдің алаяқтық әрекетінің құрбаны болғанын хабарлады.
Жәбірленуші бірнеше күнге пәтер жалдауды жоспарлап, жалға пәтер беремін деген бір әйелмен жолыққан. Өзара келісімнен кейін алаяққа 25 мың теңге аударған. Ал көрсетілген мекенжайға келген кезде, бұл пәтерде басқа бір отбасы тұрып жатқанын анықтаған. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Полицейлер күдікті 32 жастағы әйелді ұстады. Ол қылмысын мойындап, сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған әйелдің осыған ұқсас екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Сонымен қатар, күдіктінің бөтен пәтерлерді «жалға беріп» ғана қоймай, 50 жастағы әйелге Ресей Федерациясында жүрген туысқанына 64 мың теңге аударып беруге уәде етіп, ақшаны алып кеткені белгілі болды.