Атбасар ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Атбасар ауданы Бастау ауылында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қазанда Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы А. Баймурзин Атбасар ауданы Бастау ауылындағы №19 учаскелік полиция пунктін таныстырды. Ол кең ғимаратта орналасқан, заманауи компьютерлік техникамен жабдықталған. Ауылда «Бастау» ЖШС басшылығының қолдауымен учаскелік полиция пунктінің мониторына шығарылған 144 камера орнатылып, қызметтік планшетпен біріктірілген. Олардың көмегімен қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіледі.
Ауылдың екі мектебінде 32 камера орнатылды.
– 4 мегапиксельді жоғары сапалы бейнекамералар орнатылғанын атап өткім келеді. Бұл ретте, ауылға кіре берісте орналасқан екі камера мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, оның ішінде түнгі уақытта да көрсетіп, тіркейді, – деп атап өтті ақмолалық бас полицей.
Учаскелік инспектор планшеттің көмегімен кешкі және түнгі уақытта үйде отырып, жағдайды бақылауды жүзеге асыра алады.
Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 150-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Өңірде, әсіресе, ауылдық жерлерде цифрландырудың дамуымен облыс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді 11%-ға төмендетуге қол жеткізілді. 1350 адам тұратын Бастау ауылында барлығы 2 ұрлық анықталды, екеуі де ашылды. Өткен жылы бес қылмыс тіркелді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында полицияның әкімшілік ғимараттарында, УПП үй-жайларында жаппай бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша түнде көру функциясы бар бейнебақылау камералары орнатылған. Жалпы облыс бойынша 1 116 сандық камера орнату жұмыстары жүргізілуде.