Жамбылдық тергеушілер жыныстық қол сұғылмаушылықтан қорғау тақырыбында семинар өткізді
Жамбылдық тергеушілер жыныстық қол сұғылмаушылықтан қорғау тақырыбында семинар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Жамбыл облысының Полиция департаменті Тергеу басқармасының қызметкерлері М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізді.
Аталған семинар қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін енгізуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін қолданыстағы қылмыстық заңнаманы түсіндіруге бағытталды.
– Бұл семинар қатысушы студенттерге құқықтық сауаттылықтарын арттыруға, тергеушілердің тиянақты қызметі туралы кеңірек білуіне мүмкіндік береді, – деді өз сөзінде ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Еділ Мұхатайұлы.
Одан кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің талаптары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың салдары туралы ПД Тергеу басқармасының аға тергеушілері А. Джетибаева мен А.Әділханов айтып берді.