Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында есірткі еккен тұрғын 3 жылға сотты болды

Түркістан облысында есірткі еккен күдікті анықталып, үш жылға сотты болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында есірткі егіп, оны сақтаған тұрғынның кінәсі толық дәлелденді. Бәйдібектік полицейлер есірткі қылмысына қатысты істі сотқа жолдады. Бәйдібек аудандық ПБ-нің «102» нөміріне жергілікті тұрғынның бірі өз ауласында есірткі затын өсіретіндігі және сақтайтындығы туралы хабар келіп түскен. Полиция қызметкерлері аталған ақпаратты ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден бағыт алды.

ТО ЕҚҚІҚБ мен бәйдібектік тәртіп сақшылары есірткі қылмысының алдын алу бойынша аталған мекенжайға барды. Осылайша күдіктінің үйін тінту барысында, оның қорасының алдында өсіп тұрған 48 түп есірткі өсімдігіне ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сонымен қатар қора ішіндегі шкафқа жасырылған пакеттен есірткіге ұқсас зат табылды. Полицейлер күдікті азаматтың үйінен алынған есірткі заттарына сараптама тағайындады. Қорытындысына сәйкес ұсынылған заттар 48 түптің «сора» және пакеттегі заттың жалпы салмағы 150 гр асатын «кептірілген марихуана» екені анықталды.

Күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілді. Істің ақ-қарасын ажыратып, нақты дәлелдер жинақтауға Бәйдібек АПБ-ның тергеушісі Асқар Шубай 20 күннен астам уақытын жұмсады. Қылмыстық іс үш томды құрады. Нәтижесінде соттың үкімімен 52 жастағы бәйдібектік тұрғын ҚК 300-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру