Атыраулық сақшылар әлем чемпионы атанды
Атыраулық сақшылар әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19-23 қазан аралығында Қарағанды қаласында Номад ММА-дан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті.
Біріншілікке 12 елден 623 спортшы қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Олардың қатарында Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Темірғали Утемисов пен Қуандық Бекназаров да болды.
Жарыс қорытындысында әбжіл қимыл таныта білген Темірғали Утемисов әлем чемпионы атағына ие болды. 65 келіде Қуандық Бекназаров күміс жүлдегер атанды.
– Әлем чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа жету үшін көп еңбектендік. Құқық қорғау органдары саласында 7 жылға жуық уақыт қызмет етіп келемін. Бұл — менің ең ірі жеңісім. Ендігі ойым келесі Азия чемпионатына қатысып, топ жару, -дейді спортшы Темірғали.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, кубоктар және арнайы медальдар табыс етілді.