Ақмола облысында шетелдік есепте тұрған көліктердің қатысуымен 100-ге жуық ЖКО орын алды
Жылдың басынан бері Ақмола облысында шетелдік есепте тұрған автокөліктердің қатысуымен 100-ге жуық жол-көлік оқиғасы орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының аумағында шетелдік нөмірлері бар автомобильдер 99 жол-көлік оқиғасына қатысты, онда 16 адам қаза тауып, 156 адам түрлі жарақат алды.
Осы жылдың көктемінде ресейлік есепте тұрған көлік иесі жол апатына ұшырап, нәтижесінде бір отбасының үш мүшесі қаза тапты. 2021 жылғы 7 сәуірде шамамен сағат 14:00-де Атбасар ауданы Борисовка ауылы маңындағы Атбасар-Көкшетау бағытындағы автожолдың 177 шақырымында Ресей Федерациясының мемлекеттік нөмірлік тіркеу нөмірі бар Богдан-2110 маркалы автокөлігінің жүргізушісі басып озу үшін қарсы қозғалыс жолағына шығуға жол берді.
Нәтижесінде үш көліктің соқтығысуы орын алды. Оқиға орнында бір отбасының үш мүшесі: Volkswagen Passat маркалы автокөлігінің жүргізушісі және екі жолаушы алған жарақаттардан қайтыс болды.
Gaz 330252-0244 автокөлігінің жолаушысының денсаулығына орташа зиян келтірілді. Іс материалдары сотқа жіберілді. Атбасар аудандық сотының үкімімен Богдан-2110 маркалы автокөлігінің жүргізушісі ҚР ҚК 345 бабы 4-бөлігі (Көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша кінәлі деп танылып, оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру, ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу жазасы тағайындалды.
Тағы бір қайғылы оқиға өткен жылдың жазында болды. 2020 жылғы 18 маусымда Көкшетау қаласының тұрғыны ресейлік есептегі Lada-21144 маркалы автокөлікті басқарып, кешкі уақытта екі жаяу жүргіншіні қағып кетті, олардың біреуі оқиға орнында қайтыс болды. Екінші жаяу жүргіншінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілді.
Көкшетау қалалық сотының шешімімен аталған жүргізуші ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.