Түркістан облысында пробация қызметінің есебінде тұрған 24 сотталған рақымшылыққа ілінбек
Түркістан облысы ҚАЖ департаментіне қарасты Шардара аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған 24 сотталғанның құжаты рақымшылыққа ұсынылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тіркеуге келген сотталғандарды Шардара аудандық ПҚБ-нің аға инспекторы Рахымжан Зияханов Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында бекітілген баптар бойынша сотты болған азаматтарға рақымшылық жасалатыны айтып, тіркелуге келгендерді бір қуантып тастады. Ол үшін сотты болғандардың үздік тәртіптері, адамгершілік мінездері ескерілетінін аудандық пробация қызметінің инспекторы тілге тиек етті.
– Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан бері 30 жыл уақыт зымырып өте шықты. Тәуелсіздік деген қандай керемет сөз. Алайда, қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі оңайға соққан жоқ. Қылышынан қан тамған коммунисттік партияның солақай саясатының арқасында кешегі өткен биліктің тұсында ұлт саясаты ақсап, сөз бостандығы жабық болды, шетелдерде болып жатқан өркениетті өзгерістер жайлы бізге керісінше түсіндірілді. Осы тәуелсіздік жылдары қаншама ұмыт қалған ата-бабаларымыздың, ұлт тұлғаларымыздың аты қайта тіріліп, ортамызға қайтып келді. Тарихымыздағы ақтаңдақтар жойылып, өткен өмірімізге жаңа көзқараспен бастадық. Айдың-күннің аманында қылмыскер атанып, темір торға қамалған адамдардың бас бостандығы шектелсе де, адамдық қадір қасиетіне нұсқан келтіруге ешкімге құқық берілмеген. Қайта олардың түзелу жолына түсіп. Қоғамға толыққанды азамат ретінде қайтарылуын басты назарда ұстау қажет. Ізгілендіруді қылмыскерлерге жасалған жеңілдіктер емес, қылмыстық жазаларды оңтайландыру деп ұққанымыз жөн. Сол үшін жеңіл және орта ауырлықтағы қылмысқа ұрынғандарды қамай бермей, қоғам шеккен зиянның орнын толтыру жағы көзделіп отыр. Міне тағы айта кетерлік жақсы жағдайлардың бірі тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үлкен рақымшылық болғалы жатыр. Біз осылай қазығы берік мемлекеттігі бекем қазақ елінің айбынын асырдық. Осының барлығы тәубе етер Тәуелсіздіктің арқасы, – деді Шардара аудандық ПҚБ-нің аға инспекторы Рахымжан Зияханов.
Шардара аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған адамдардың басым бөлігі түзелу жолына түсіп келеді. Олар сот жүктеген міндетті мінсіз орындауға тырысуда. Әрине, Пробация қызметінің есебіне әртүрлі қателік жасап істі болғандар бар. Бірі – өздерінің жасаған қателігін қайталамауға тырысса, екіншісі – өзіне жүктелген міндетке салғырттық танытады. Шардара аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған жиырма төрт сотталған азамат рақымшылыққа ілінуі мүмкін екен. Рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан сотталған азаматтар өздерінің қателігін түсініп, қайта қылмыс жасамайды деген үміт бар.