Шымкентте Түркістан облысының тұрғыны бөтеннің көлігін ұрлап кетті
Шымкентте Түркістан облысының тұрғыны бөтеннің көлігін заңсыз айдап кетіп, ЖКО жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қарашада Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының «102» арнасына жергілікті тұрғын арызданған. Онда ол белгісіз азаматтың дүкен алдында тұрған ВАЗ-21014 маркалы автокөлігін рұқсатсыз айдап кеткенін айтқан.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК 200-бабымен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) тіркеуге алып, жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері оқиға орнына жетіп, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде 10 минуттан кейін полицейлер көлік ұрысын жол көлік оқиғасына түскен жерінен ұстады.
Осылайша, полиция қызметкерлері күдікті ретінде Түркістан облысының тұрғынын құрықтап, басқармаға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.