Алматы облысында соғым етін қолды қылған ер адам ұсталды
Алматы облысында соғым етін қолды қылған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жайылып тұрған соғым етін ұрлап кеткен азаматтың ісі әшкере болды. Келеңсіз оқиға Ескелді ауданында орын алған. Соғым маусымын бастаған 46 жастағы азаматтың етін күдікті 19 қараша күні сағат 21.00 мен 21.30 аралығында үйінің аумағында орналасқан салынып жатқан тұрғын үй ішінен алып кеткен. Күдікті жайылып тұрған 20 келі жылқы етін қолды қылған.
Іздестіру шаралары барысында күдікті 60 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Оның айтуы бойынша ұрлық жасаған сәтте ол масаң күйде болған. Сонымен қатар, ұсталған азаматтың жарты етті асып жеп үлгергені анықталды. Оңай олжаға кенелмек болған азамат енді істеген әрекеті үшін заң алдында жауап беретін болады.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Ескелді ауданы ПБ-мен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.