Түркістанда жұмысшы жұмыс орнынан темірлерді ұрлап кетті
Түркістан полицейлері құрылыс фирмасының темірлерін жымқырған жұмысшыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына облыс орталығында құрылыспен айналысатын ЖШС-дан арыз келіп түсті. Онда ғимараттың алдында тұрған тұрған 14 дана су арналарына арналған арықтың темір торларын белгісіз біреу жымқырып кеткені көрсетілген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жедел тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторлары көрген-білгендерден жауап алды, бейнебақылау камераларын тексерді. Жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде бұрын сотты болған Сауран ауданының тұрғыны ұсталды.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам осы маңайда құрылыста жұмыс істейді. Ақша қажет болған оның көзіне қараусыз тұрған темірлер ілінген. Соңында арам ойын іске асырып, қылмысқа барған. Үш күн қатарынан жұмыстан қайтып бара жатып, өз көлігіне бес данадан темір торларды салып әкеткен. Ұрланған затты темір қабылдайтын орынға 75 мың теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде алынған темір торлар заңды иесіне қайтарылды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарын қараусыз қалдырмауды ескертеді.